Әлжаппар Әбішев Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург Ә.Әбішев 1907 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының бұрынғы Жамбыл атындағы шаруашылықтың Аспантау деген жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Мектеп есігін кешірек ашқан Ә.Әбішев 19 жасында ғана бірінші басқыш ауыл мектебін бітіріп, жиырма жасында яғни, 1927 жылы үш айлық мұғалімдер қурсында оқиды. Одан кейінгі жазушы жолы өз бетімен оқып білім көтеру, үздіксіз қажымай-талмай еңбектену, іздену арқылы бойындағы әдеби дарынын ұштау, жетілдірумен жалғасты. Бұл шын мәнінде ерлік еді. 1927 жылдан бастап Ә.Әбішев сауатсыздық жою курсының мұғалімі болып істейді. Жазушылық қызметін Қарағанды кен орындарында шахтер болып істеп жүрген кезінде бастайды. Шахтадан кейін "Қарағанды пролетариаты" газетінде әдеби қызметкер болып істейді де белсенді тілшісі атанады. Ә.Әбішевтің "Үйінді" атты бірінші әңгімесі мен очерктер жинағы 1936 жылы басылып шықты. Бұл шығарма Қарағанды шахтерлерінің қажырлы еңбектеріне арналған. 1935 жылдан бастап Ә.Әбішев "Лениншіл жас" /қазіргі "Жас алаш"/ газетінің бөлім меңгерушісі, "Әдебиет және искусство" /қазіргі "Жұлдыз"/ журналында жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болды. Сол кезде жазушы "Отан үшін" (1937 ж.), "Отан атынан" (1938 ж.), "Жолдастар" (1940 ж.) атты бірнеше пьесалар жазып драматург ретінде көзге түсті. Оның 1938 жылы жазған "Армансыздар" атты пьесасы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіке арналған. Ұлы Отан соғысы жылдарында "Төлеген Тоқтаров" (1942 ж.), "Саржан" (1945 ж.) әңгімелерімен бірге "Ана" атты бір актілі пьеса жазды. 1945 жылы жазған "Жас түлектер" атты романында Қарағанды кеніштеріндегі соғыс кезіндегі жастардың өмірі мен қажырлы еңбегі суреттеледі. 1942 жылы жазган "Бір семья" деген пьсасында жазушы совет адамдарының семья құру және адамгершілік мәселесін көтереді. Сол қырқыншы жылдардан бастап жазушы проза және драматургия жанрында жемісті еңбек еткен. Ә.Әбішевтің өз сөзімен айтқанда: "Өмірінің соңғы жылын арнаған" және бір кесек шаруасы бар. Ол–қазақтың белгілі композиторы, әнші–ақыны Мәди өмірін зерттеу, сөйтіп, әдебитімізде, өнерімізде, Мәдиге лайық ескерткіш жасау. Қазір әуелде жоспарлаған трилогияның екі кітабы "Найзағай" (1969 ж.), "Мәди" (1977 ж.) жарық көрді. Сол романдар негізінде "Мәди" және "Мәдидің соңғы шайқасы" атты пьесалары республикалық және облыстық театрларда ұзақ жылдар бойы қойылып келеді. Жерлес жазушының шығармашылығында драматургия саласы орын алды, ол 30-дан астам пьеса жазды. Олар республика театрларының репертуарларынан көп жыл түспей келді. Ә.Әбішев кейінгі жылдары "Айтпай кетті демеңдер", "Аманат" деген естеліктерін кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде жазып кетті. Ә.Әбішев осыдан төрт жыл бұрын, 90 жасқа толғанда Елбасының тікелей тапсырмасымен өзінің туған жері Қарқаралы өңірыне келіп, елдің жағдайын коріп, біліп, кіндік тамған Аспантаудың баурайындағы ата қонысына аунап, анасының басына құран оқытып қайтқан еді. Жазушы "Октябрь революциясы", Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, "Құрмет белгісі" ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Республикамыздың тәуелсіздік алған соң Президентіміздің пәрменімен Ә.Әбішев алғашқылардың бірі болып "Халық жазушысы" (1985) құрметті атағына ие болды. Қазіргі қазақ әдебиетшілерінің аға ұрпағының игілікті еңбектері көңілге жылы сезім ұялатады. Дәл осы ағалардың жуан ортасында, бәлкім, алғы шебінде халқының танымал талантты Әлжаппар Әбішевтің жүргені, оның есімі ілтипатпен аталары ақиқат. 24 тамыз 2001 жылы Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиеті ақсалдарының бірі, жерлесіміз Ә.Әбішев 94 жасқа қараған шағында фәниден бақиға өтті.